Павлодарлық белсенді Жанат Жамалиев бес күнге қамалды

Жанат Жамалиев

Павлодарлық белсенді Жанат Жамалиев бес күнге қамалды. Адвокат Мейіржан Досқараевтың сөзінше, 19 мамырда Жанат Жамалиев әкімдікке саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу шеруін өткізу жөнінде өтініш берген. Ол шеруді 31 мамырда өткізгісі келетінін айтқан.

Әкімдікен шыққан соң ол Facebook-қа видеомен шығып, әкімдікке өтініш бергенін баяндаған. 26 мамырда әкімдік рұқсат бермеген. Ал 13 маусымда полиция өкілдері сол видео негізінде хаттама толтырған.

14 маусымда Екібастұз қалалық соты “бейбіт жиын өткізу” бабы бойынша оны кінәлі деп танып, 5 тәулікке қамады.

Сот шешіміне қарағанда, Жанат Жамалиев 19 мамырда Facebook парақшасында видео жариялап, "31 мамырда "саяси қуғын-сүргін және ашаршылық" құрбандарын еске алу күніне орай рұқсат етілмеген митингіге шақырған". Осылайша бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзған.

Сот кезінде белсенді айыппен келіскен жоқ. Ол видеода әкімдікке өтініш бергенін ғана хабарлағанын, ешкімді митингіге шақырғанын айтпағанын жеткізді. Адвокаты шешімді апелляцияға беретінін айтып отыр.

Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бастап атап өтіледі. "Үлкен террор" жылдары ұжымдастыру, аштық кезінде екі миллионға жуық қазақ қаза тапты. Тарихшылардың есебінше, 1921-1954 жылдары 100 мыңдай адам "халық жауы" деп танылып, сотталған. Олардың ішінде 25 мың адам атылған. Саяси құрбандар кейін ақталды.

Кейінгі кезде Ресей репрессия жайлы тарихи фактілер жайлы айтуды шектеп, Сталинге ескерткіштер орната бастаған. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысынан кейін Сталинді ақтау саясаты күшейген.

Кей сарапшылар Ресейге жалтақтаған Қазақстанда саяси қуғын-сүргін тақырыбы елде барған сайын жабық тақырыпқа айналып барады деп санайды. Елде 31 мамыр күні митинг өткізбек болған белсенділердің өтініштері мақұлданбады. Осы күн қарсаңында кей өңірлерде белсенділер ұсталған. Адам құқығын қорғау бюросының мәліметінше, оннан астам белсенді қамалған.

2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп бағалағанмен құқық қорғаушылар аталған заңда бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтып келеді. Айтуларынша, заң жергілікті атқару органдарына бейбіт жиын өткізу туралы өтінішті орындамауға мүмкіндік береді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіліп жатыр