Мәжіліс рақымшылық туралы заң жобасын қабылдады

11 маусымда мәжіліс Конституцияның 30-жылдығына орай рақымшылық туралы заң жобасын қабылдады.

Оған сәйкес, рақымшылыққа ауыр емес және орташа ауыр қылмыс түрлерін жасағандар ілінеді, бірақ шығын көлемі өтелген немесе мүлде болмауы керек.

Рақымшылық аясында түрмеден 662 адам шығады, пробациялық бақылаудағы 3,5 мың адам жазадан босатылады. Шамамен 11 мың адамның жаза мерзімі қысқартылмақ. Осылайша оған барлығы 15 мың адам ілінбек.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның сөзінше, түрмеден аз адамның босатылу себебі – олардың басым бөлігі атап айтқанда, 92 пайызы немесе 32 691-і ауыр немесе ерекше ауыр қылмыс үшін түрмеде отыр.

Рақымшылыққа 833 әйел ілінбек: 109-ы босатылады, 724-інің жазасы қысқартылады.

Бұған дейін жобаны әзірлеуге қатысқан кейбір адвокаттар жобада шектеу көп болғандықтан оны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін айтқан еді.

Ресми мәлімет бойынша, қазір Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты 63 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамауда отыр: 33 мың сотталушы және 7 мың адам тергеу изоляторында отыр. 27 мыңнан астам адам пробациялық қызмет тіркеуінде.

Депутат Абзал Құспанның сөзінше, жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау баптары бойынша сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді.

Оның сөзінше, Қазақстанда қазір жемқорлық бойынша 624 адам, терроризм бойынша – 294, экстремизм бойынша – 96, азаптау бойынша 48 адам қамауда отыр.

Экстремизм бойынша сотталғандар арасында “саяси тұтқындар” да бар. Марат Жыланбаев пен Думан Мұхаммедкәрімнің ісін сараптаған құқық қорғаушылар істің саясиланғанын, олар өз пікірлері үшін сотты болды деп санайды.

Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанды экстремистік баптарды оппозиция белсенділер мен журналистерге қарсы пайдаланып отыр деп сынап жүр. Ресми Астана айыптаулармен келіспейді.

Қазақстанның тәуелсіз тарихында 9 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланып, шамамен 1 мың адам түрмелерден босатылған. 4 мың адам пробациялық бақылаудан босатылған. 2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.