Ираннан Түркіменстанға өткен 120 адамның арасында Қазақстан азаматтары да бар

Тегеранның солтүстік-батысындағы Шахран мұнай базасы орналасқан тұстан әуеге түтін көтеріліп жатқанына екінші күн. Иран, 16 маусым, 2025 жыл.

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты ресми Ашғабат Иранда жүрген шетелдік дипломаттар мен олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ басқа да шетел азаматтарына ол елден Түркіменстан аумағы арқылы шығып кетуге рұқсат берді. Мұны Түрікменстан сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Оның 16 маусымдағы деректеріне сәйкес, Түрікменстан мемлекеттік шекарасын бақылау-өткізу пункттері арқылы шамамен 120 адам Ираннан Түркіменстан жеріне өткен. Олардың арасында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдердің азаматтары бар.

14 маусымда Қазақстанның 6 азаматы Ираннан Әзербайжанға эвакуацияланды деп жазды әзербайжандық Report басылымы. Олар Әзербайжан аумағаны "Астара" шекара бекеті арқылы өткен.

Бұған дейін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Ираннан Әзербайжан шекарасы арқылы 28 қырғыз азаматы эвакуацияланды, жақын күндері Қырғызстанға оралады деп хабарлаған.

Израиль 13 маусымға қараған түні Иранның ядролық, әскери және энергетика нысандарын нысанаға алып, әуе шабуылдарын бастаған. Иран оған қарымта ретінде Израильге зымырандар мен дрондар ұшырды.

Иранның денсаулық сақтау министрлігінің кейінгі дерегі бойынша, қақтығыс басталғалы бері елде 224 адам (арасында жоғары шенді әскери қызметкерлер де бар) қаза тапқан, мыңнан астам адам ауруханаға түскен. АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists in Iran құқық қорғау ұйымы Иранда қаза тапқандар саны 400 адамнан да асып кетуі мүмкін деп хабарлады.

Израиль денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Иранмен қақтығыс ушыққалы бері 15 адам қаза тауып, шамамен 400-ге жуық адам жараланған. Одан бөлек, 700-ге жуық адам үй-күйсіз қалған. Оларды қонақүйлер мен уақытша баспаналарға орналастырған.