Air India әуе компаниясының Boeing 787-8 Dreamliner жолаушы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандар саны 274 адамға жеткен. Мұндай деректі үндістандық NDTV (New Delhi Television) медиакомпаниясы өз дереккөзіне сүйеніп хабарлады.
Ұшақта болған 242 адамның ішінен тек бір адам – 40 жастағы Ұлыбритания азаматы Вишваш Кумар Рамеш ғана аман қалған. Ұшақ құлаған Ахмадабаттағы медицина колледжі ғимаратында болған тағы 33 адам көз жұмған. Олардың арасында сол ғимаратта тұратын он дәрігер мен олардың отбасы мүшелері бар.
12 маусымда Үндістанның батысындағы Ахмедабад қаласындағы әуежайдан Лондонды бетке алып ұшқан Air India әуе компаниясының Boeing 787-8 Dreamliner жолаушы ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 242 адам: 230 жолаушы (Үндістанның 169 азаматы, Ұлыбританияның 53 азаматы, Канаданың 1 азаматы және Португалияның 7 азаматы) және 12 экипаж мүшесі болған.
Үндістанның Азаматтық авиация бас басқармасының мәлімдеуінше, ұшқыштар апатқа дейін төтенше жағдай жайлы дабыл беріп үлгерген, бірақ іле-шала байланыс үзіліп қалған. Апаттың нақты себептері әзірге белгісіз.
Үндістанның авиация жөніндегі реттеушісі Air India компаниясына GEnx қозғалтқыштарымен жабдықталған барлық Boeing 787-8 Dreamliner ұшақтарын тексеруді бұйырды деп жазды Reuters агенттігі.